08 Маусым, 2017

Қазақстанның қауіпсіздік стратегиясы қолдауға лайық

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайлануы – еліміздің жаһандық және аймақтық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бағытын­дағы нақты жетістіктерінің нәти­жесі.

Қазақстанның қауіпсіздік стратегиясы қолдауға лайық

Жалпы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың белсенді халық­аралық, реформаторлық және бі­тімгерлік қызметі арқылы жинақ­таған беделі мен оған деген халық­аралық қоғамдастықтың үлкен сенімнің оң әсер еткені белгілі. 

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі, маңызды стра­тегиялық жоба ретінде тек біздің елімізге ғана емес, сонымен қатар, ұйымның өзі үшін де бірегей оқиға болып табылады. Осылайша, Қазақстан секілді ширек ғасырлық қана тәуелсіз тарихы бар елге әлемдегі қауіпсіздік бағытындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешу үшін араласуға мүмкіндік беріліп отыр.

Біз үшін бұл миссия – тек құрметті міндеткерлік қана емес, сонымен қатар, әлемдегі орын алған текетірестерді шешуге, бітімгерлік бағытында жинақталған өз тәжірибемізден нақты ұсыныстар мен әрекеттер жасап, БҰҰ-ның беделін нығайтуға, оның әлем елдері арасындағы абыройын арттыруға атсалысу, Ұйымның назарын аймақ мәселелеріне бұру. Сондықтан, біз бұл жауапты миссияға үлкен дайындықпен, ауқымды жоспарлармен, оларды жүзеге асырамыз деген зор үмітпен келдік. 

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып қабылданған күннен бастап-ақ өзінің бар назарын трансұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде халықаралық қатынастың төрт басымды саласы – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздік салаларына аударды.
Біздің осы аралықтағы басты мақсат­тарымыз − орын алған қарама-қай­шылықтарды барынша диплома­тиялық жолмен шешуге нақты әре­кеттер жасау, халықаралық қоғам­дастықта бөлінудің жаңа сызықтары­ның пайда болуына жол бермеу, текетірес аймақтарында барлық тарап­тар мүдделерінің сақталуына қажет­ті жағдайды жасау және де БҰҰ дамуы­ның негізгі бағыттары бойынша кон­сен­сустық алаңды қалыптастыру. 

Біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміздің бастапқы кезеңінде-ақ ауқымды бағдарлама жасалып, ол біртіндеп жүзеге асырылуда. БҰҰ-ның негізгі өлшемдері аясындағы алға қойылған мақсаттар бойынша және басқа да өлшемаралық мәселелерге қат­ысты күнделікті жүйелі жұмыстар атқа­рылып, олар өз кезегінде айтарлықтай нәтижелер алып келуде.

Қазақстан көптеген мәселелерге қатысты пікірталастық бастама көтеру арқылы Кеңесті «ширатып» алуға қол жеткізді. Қауіпсіздік Кеңесінің осы жылдың 10 қаңтарындағы отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мүше мемлекеттерге арналған бағ­дар­ламалық Үндеуі ауқымды жоспардың бас­тамасы екенін танытып, БҰҰ-ның ба­рынша өзекті мәселелерін көпжақ­ты талқылауға екпін берумен қа­тар, Кеңестің белсенді мүшесі ретін­де Астана мақсаттарының салмақ­ты­лығын көрсетті.

Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қауіпсіздік, су, азық-түлік және энерге­тикалық өлшемдері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ұмтылыс таныту үстінде. Жалпы алғанда, Қазақстан БҰҰ-ның негізгі өлшемдері бойынша көптеген іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етуде. Мұның бір дәлелі ретінде Сирия дағдарысына қатысты үстіміздегі жылы елордада бірнеше дүркін өткен «Астана процесі» деген атауға ие болған келіссөздерді айтуға болады. Мәселенің күрделілігіне қарамастан, еліміз тараптарды бір үстел басына жинап, күн тәртібіндегі әрбір мәселені жан-жақты талқылап, ортақ бейбіт шешім қабылдауға барынша ықпал етуде. 

Қазақстан қай кезде болса да, Ау­ған­стан мәселесін де күн тәртібінен түсір­ген емес. Еліміз жаһандық және ай­­мақтық қауіпсіздік тұрғысынан қарас­тырылатын ауған ісіне қатысты ха­лықаралық коалицияның оң талпы­ныс­тарына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. 
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесі ретінде әлем­дік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақ­са­тында аймақтық және халықаралық ұйымдардың өзара ықпалдастығын нығай­туды ұсынады. Нақтылай айт­қан­да, Қазақстан аймақтық және ха­лық­аралық ұйымдардың өзара ынты­­мақ­тастығын қамтитын тиімді халықаралық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруды қолдайды.

Нұрлан Сейдін,
саясаттанушы